Маңғыстауда қырылған аққу саны жиырмаға жетті

Маңғыстау облысында 10 ақпанда тағы тоғыз аққудың өлексесі табылды. Бұған дейін 11 аққудың сүйегі жиналған. Осылайша өңірде қырылған аққу саны жиырмаға жетті. Бұл туралы Kursiv.Media жергілікті Lada басылымының мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Сейсенбі күні Каспий теңізінің Сайын Шапағатов ауылы маңындағы жағалауынан тоғыз аққудың өлексесі табылды. Аудандық ветеринария мамандары өлген құстардан сынама алса, экология басқармасының қызметкерлері теңіз суын тексеріп жатыр.
Қырылған аққулардың өлекселері жиналып, арнайы белгіленген орында өртелді.
Бұған дейін Маңғыстау облысының орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясы 8-9 ақпанда өңірде 11 аққудың өлексесін тапқан. Олар Ақтау қаласының теңіз жағалауында, сонымен бірге Ақжелкен ауылы маңында табылған.
Соған қарамастан, басылым дерегінше, облыс инспекциясы өңірде аққулардың жаппай қырылу оқиғасы анықталмады деп есеп берген.
Естеріңізге сала кетейік, Маңғыстауда аққулар қырылып жатқанын алғаш рет жергілікті блогер жариялаған.