
Соңғы күндері Түркістан қаласында толассыз жауған жауыннан көшелерде су жиналып, қозғалыс қиындаған. Судан тазалау жұмысы әлі жалғасып жатыр. Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желіде жазып жатыр.
Тұрғындардың жазуынша, әуелі жол бойындағы суағар суға толған. Артынан көшелерге жайылған.

Тұрғындардың шағымын қала әкімдігі де растады. Әкімдік дерегінше, су жиналған аумақтарда шұғыл түрде тазалау және суды сорып шығару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Бұл үшін қырықтан аса арнайы техника мен жүзден аса маман тартылған. Мамандар тәулік бойы жұмыс істеп жүр.

Ресми мәліметке қарағанда, кеше қаладан мың текше метрден аса су шығарылған.
«Кәріз жүйесі жүргізілген көшелерде орын алған кемшіліктерді қалпына келтіру, жол жабындарын ретке келтіру және инженерлік желілердің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету шаралары күшейтілді. Жауын-шашыннан кейінгі жағдайды тұрақтандыру және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарында» делінген әкімдік хабарламасында.
Сондай-ақ Түркістан облысының Абай ауылының маңындағы Жаңақорған өзенінде су деңгейі кенеттен көтерілген. Нөсер жауынның салдарынан демалыс орнына апаратын жалғыз топырақ жолды су шайып кетіп, адамдар су қақпанында қалған. Жолдың қирауы салдарынан демалушылар өз бетінше қайта алмай, көмекке жүгінген.