Жаңалықтар

Пайдасы болмаса, керек пе – депутаттар ұлттық компаниялар жайлы пікір білдірді

Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Президенттің сынынан кейін «ұлттық компаниялардың қызметі тиімді ме, жоқ па» деген сұрақ күн тәртібіне қайта шықты. Аталған мәселені бұрын да экономистер мен сарапшылар жиі көтеретін. Бұл жолы осы сұрақты Мәжіліс кулуарында тілшілер депутаттарға қойып көрді.

Депутат Бақытжан Базарбектің айтуынша, «Самұрық-Қазына» қорының қызметіне байланысты мәселелер бұрын да көтерілген. Сөзінше, қаржының тиімді жұмсалуы жөнінде сұрақтар әлі де бар.

«Қаншама жемқорлық фактілері, қаржының оңды-солды жұмсалуы туралы айтып, бұл мәселені көтергенбіз. Қазір де қолымда бірқатар аудиторлық материалдар бар. Егер «Самұрық-Қазына» қорының экономикаға қосқан үлесі мен нақты оң ықпалы көбеймесе, қоғам мен бюджетке салмақ сала берсе, онда болашақта бұл қор елге қажет пе, жоқ па деген мәселені ашық қоюымыз керек», – деді Базарбек.

«Не қажеті бар…»

Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт ұлттық компанияларды сынаған мемлекет басшысының сөзімен келісетінін айтады. Тіпті одан ары сынайды.

«Мемлекеттің қаржысын жұмсауда ортада осындай компаниялардың неге керектігін мен түсінбеймін. Бізде басшы көп. Оған қоса олардың жұмысына шағым көп. Не қажеті бар?» – дейді ол.

«Ауылдағылар әлі көмір жағып отыр»

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров та бұл мәселеге қатысты қатаң пікір білдірді. Ол газдандыру мәселесін алға тартып, ұлттық компаниялардың жұмысы халықтың нақты қажеттілігіне бағытталуы тиіс екенін айтты.

«Бүгінде Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында ауылдағы ағайын тезек, көмірмен отыр. XXI ғасырда тезек, көмірмен отыруды ең ұят нәрсе деп ойлаймын. Кеше Президент ұлттық компанияларда «кофе ішетіндердің барлығын босатыңдар» деді. Мәселен, QazaqGaz ұлттық компаниясында 10 мыңнан аса адам жұмыс істейді. 350 млн текше метр газды өздері өндіреді. Жаңа салалық министрліктің өкілі «Шығыс Қазақстанға газ тартудың ауылы өте алыс» деп айтты. Енді кофе ішетін 10 мың адамды босатып, оның қаржысын газ тартуға жіберу керек», – деді Саиров

Депутаттар бұл халықтың қаражаты екенін айтып, ұлттық компаниялар Президент тапсырмасына сай елдің әл-ауқатын арттыруға жұмыс істеуі тиіс екенін жеткізді.

Бұған дейін басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов ««Самұрық-Қазынаны» тарату керек деген әңгімені қордың экономикадағы үлесін дұрыс білмейтіндер қозғап жүр» деп мәлімдеген еді.

Ал кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық компаниялардың басшыларымен қатаң әңгіме өткізгенін айтып, олардың құрылымы мен жұмыс тәсілін қайта қарау қажет екенін ескерткен болатын.