Lifestyle

Қар барысы үш күшігімен фототұзаққа түсіп қалды (видео)

қар барысының күшігі
фото: shutterstock

Қызыл кітапқа енген қар барысы үш күшігімен фототұзаққа түсіп қалды. Олар Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағай ұлттық бағында өмір сүреді. Бұл туралы Kursiv.Media хабарлайды.

Оқиға 2025 жылғы 26 желтоқсанда болған, бірақ ұлттық бақ видеоны енді ғана жариялап отыр.

Жасырын камераға әуелі ілбістің анасы аса сақтықпен жақындайды. Бір сәттен соң оның артынан үш күшік еріп келе жатқанын көруге болады. Олар камера маңында аз уақыт кідіріп, жөнімен кеткен.

Ұлттық саябақ тау ішінде сирек кездесетін хайуанның кадрға түсіп қалуын жиі кездесе бермейтін оқиға деп сипаттады.

«Бұл өте ерекше жағдай, өйткені ілбіс күшіктері анасының жанында шамамен екі жыл болады. Осы уақытта олар аң аулауды, қауіптен сақтануды үйренеді», – деп таратты мекеме.

Құнды кадрлар ұлттық бақ аумағында аңдардың сирек кездесетін түрлерінің өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жасалғанын көрсетеді.

Бұған дейін Kursiv.Media қара қабылан Алматы қаласының зообағына Ресейден жеткізілгені туралы жазған.