Қарағанды облысында көлік мұз астына түсіп кетіп, бір адам қайтыс болды

Қарағанды облысының Топар кентінде балық аулау кезінде ерлі-зайыптылар мінген көлік мұз астына түсіп кетіп, әйел адам қайтыс болды.
Оқиға 10 ақпанда Шерубайнұр су қоймасында болды. Көлікте 1957 жылы туған ер адам және 1962 жылғы әйелі болған. Алдын ала ақпарат бойынша, мұз көлік салмағын көтере алмай, су астына кеткен.
Ер адам судан өздігінен шыға алған, оған медициналық көмек қажет болмады. Әйелді бір күн бойы іздеген.
11 ақпанда Төтенше жағдайлар департаментінің сүңгуірлері әйелдің денесін тауып, шығарып алды.
«Бүгін таңертең облыс ТЖД сүңгуірлері оның денесін жеті метр тереңдікте автокөлік табылған жерден төрт метр қашықтықта тауып, судан шығарып алды», – деп нақтылады Қарағанды облыстық ТЖД.
Құқық қорғау органдары болған жағдайды тергейді. Өңірдің ТЖД автомобильдердің мұзға шығуына қатаң тыйым салынғанын еске салды. Өйткені мұз жамылғысы көлік қозғалысына арналмаған және қауіпсіздікке кепілдік бермейді. Құтқарушылар тұрғындарды осындай оқиғаларды болдырмау үшін сақтық шараларын қолдануға шақырды.