
Полиция Анар Абдуллаев (Ресей) пен Ренат Пашаевтың (Грузия) үстінен «алауыздықты қоздыру» бабы негізінде қылмыстық іс қозғады. 11 ақпанда Астанада өткен брифингте Бас прокурордың орынбасары осылай деп мәлімдеді.
«Біздің полиция Қылмыстық кодекстің 174-бабы – «ұлтаралық араздықты қоздыру» әрекеті бойынша тексеру жүргізе бастады», – деп мәлімдеді Ғалымжан Қойгелдиев.
Бұл бап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Қазір Абдуллаев пен Пашаев Алматы абақтыда отыр.
Бұл екеуі, полиция мәліметінше, TikTok-та тікелей эфир жүргізу барысында қоғамдық тәртіпті бұзатын, көпшіліктің ар-ұжданына тиетін сөздер айтқан. Құзырлы мекеме «интернет кеңістігі жауапсыздыққа жол ашатын алаң емес екендігін ескерткен.
Әлеуметтік желілерде шетел стримерлерінің қазақ қыздарына тіл тигізгені сыналды. Белсенділер оларды жауапқа тартуды талап етті. Содан кейін ғана полиция оларды «ұсақ бұзақылық» бабымен әкімшілік жазаға тартты. Сот екеуін 15 тәулікке қамау туралы шешім шығарды.
Дегенмен желідегі белсенділер жаза тым жеңіл екенін айтып жатты. Енді Абдуллаев пен Пашаевтың әрекеті қылмыстық бап негізінде тексеріліп жатқаны мәлім болды.
Бұған дейін қазақтар мен қырғыздарды тілдеген Екатерина Бивол туралы жазғанбыз. Ол атақты боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелі.
Естеріңізде болса, 2025 жылғы қарашада ұлт араздығын туғызған қарағандылық блогер Алика Мұхамадиева үш жарым жылға бас бостандығынан айырылған.