
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны қабылдау бойынша референдум күнін 15 наурызға белгіледі. Осы ретте ел тарихында болған референдумдарды еске түсірейік.
Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту бойынша референдум
1995 жылғы 29 сәуірде сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін баламасыз түрде ұзарту туралы республикалық референдум өтті. Ресми деректерге сәйкес, референдум нәтижесінде сайлаушылардың 95,46%-ы президентті қолдап дауыс берді. Оған дауыс беруге құқылы азаматтардың 91,21%-ы қатысқан.
Референдумда бір ғана «Сіз 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық дауыс беру арқылы сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өкілеттік мерзімін 2000 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзартуға келісесіз бе?» деген сұрақ болды.
Референдум нәтижесінде Назарбаевтың өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды.
Жаңа конституцияны қабылдау бойынша референдум
1995 жылғы 30 тамызда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша референдум өтті. Жаңа Конституцияны сайлаушылардың 90,0%-ы қолдап дауыс берді. Ресми дерек бойынша науқанға қатысушылар да 90% асып кеткен.
Референдумда жалғыз сұрақ қойылды: «Сіз 1995 жылғы 1 тамызда баспасөзде жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын қабылдайсыз ба?» деген.
Жаңа конституция қабылданған күн 30 тамыз – бүгінде мемлекеттік мереке ретінде аталып өтеді.
Конституциялық реформа бойынша референдум
2022 жылғы 5 маусымда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өтті.
Бұл жолы да бюллетеньде бір ғана сұрақ болды: «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?».
Референдум нәтижесі бойынша азаматтардың 77,18 пайызы конституциялық өзгерістерді қолдаса, 18,66 пайызы түзетулерге қарсы дауыс берген. Бюллетеньдердің 2,58 пайызы жарамсыз деп танылса, 1,58 пайыз бюллетень есепке алынған жоқ.
Реформа аясында конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді. Олар суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға көшу, бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу, парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту, азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру сияқты өзгерістер мен түзетулерді қамтыды.
АЭС туралы референдум
2024 жылғы 6 қазанда Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына байланысты референдум өтті. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, референдум нәтижесінде АЭС құрылысын дауыс бершілердің 71,12% жақтаған. Ал референдумға сайлаушылардың 63,66 пайызы қатысқан.
Бүгінде алғашқы АЭС салынатын орын ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылы белгіленіп отыр. Оны ресейлік Росатом компанисы салатын болды. 2025 жылдың 8 тамызында Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында елдегі алғашқы АЭС құрылысы аясында инженерлік ізденістер жұмысы басталған. Оның барысында АЭС салуға арналған алаң таңдалады.