
Аталған ұсынысты арнайы заң жобасын әзірлеген Мәжіліс депутаттары енгізді.
Мәжілісте газбен жабдықтау және газды үнемді пайдалану мәселелері бойынша заң жобасы қаралып жатыр. Құжатты Еділ Жаңбыршин бастаған бір топ депутат әзірлеген. Олардың айтуынша, қазіргі заңнама газ тарифіне келгенде қолданыстағы баға белгілеу жүйесі газды нақты тұтыну көлемін ескермейді. Сонымен қатар өңірлердің климаттық ерекшеліктері назарға алынбайды.
«Мәселен, жылы өңірде орналасқан ауданы 200 шаршы метр тұрғын үй суық климатты өңірдегі осындай үйге қарағанда газды көбірек тұтынады. Алайда бұл айырмашылық баға белгілеуде көрініс таппайды. Бұл әлеуметтік әділеттілік қағидатын бұзып, газды үнемдеуге ынталандырмайды. Осыған байланысты заң жобасында тұтыну нормаларын бекіту және белгіленген нормадан асқан жағдайда баға белгілеуге сараланған тәсіл қолдану ұсынылады. Мұндай әдіс су және энергетика саласында қолданып отыр», – дейді заң жобасын қорғаған Еділ Жаңбыршин.
Оның айтуынша, мұндай тетік Әзербайжан мен Өзбекстанда бұрыннан енгізілген.
Мұның алдында депутаттар жаңа автогаз құю станциялары жерасты қоймасын жасауға міндеттеуді ұсынғанын хабарлаған едік.