Жаңалықтар

Ресей өздері салатын АЭС үшін Қазақстанға несие беруге дайындалып жатыр

фото: shutterstock

Ресей Қазақстанда салатын АЭС үшін мемлекеттік кредит беруге құжаттар дайындап жатыр. Құрылыстың барысы туралы жобаға да жақын арада қол қоймақшы. Бұл жайлы «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында Ресей Федерациясының Қазақстандағы төтенше жағдай бойынша елшісі Алексей Бородавкин айтты.

«Атом электр станциясын салуды бастауға арналған құқықтық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта дайындалып жатқан құжаттарға жақында қол қойылады деп үміттенемін. Оның біріншісі – ұйымдастырушылық, заңдық және техникалық аспектілерге қатысты. Екінші бөлігі – осы АЭС құрылысы үшін Ресейден мемлекеттік кредит беру туралы. Бұл құжаттар да соңғы келісу кезеңінде тұр. Жақын арада оларға қол қойылады деп есептеуге болады», – деді Бородавкин.

Несие кімге беріледі

Еске салайық, Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысымен «Росатом» мемлекеттік корпорациясы айналысатын болды. Станция екі блоктан тұрады, қуаты 2,4 ГВт. Әзірге АЭС құрылысы бойынша нақты келісімге қол қойылмады, құжаттары әзірленіп жатыр. Құрылыс 2029 жылы басталуы мүмкін, кемінде 10-12 жылға созылмақшы.

Мұндағы маңызды мәселе – Қазақстан АЭС салу үшін қажетті ресурсты несие түрінде Ресейден алмақшы. Бірақ станцияны салатын бас мердігер «Росатом» екенін ескерсек, қаржы қайтадан көрші елге кетеді.

Құрылысқа қазақстандық компаниялар да қатысады. Олар өз тауары мен қызметін ұсынады. Егер станция құрылысын 15 млрд доллар деп есептесек, оның шамамен 4,5 млрд доллары отандық компаниялар үлесінде болады.

Бірінші АЭС Балқаш жанындағы Үлкен ауылында, екінші станция да Алматы облысындағы Жамбыл ауданында салынады.