«Сынған ағаш шекесіне тиген»: Шымкентте 10 жастағы бала қайтыс болды

Жарияланды (жаңартылды )
«Сынған ағаш шекесіне тиген»: Шымкентте 10 жастағы бала қайтыс болды / Фото: Дилара Иса

Шымкенттегі 11-ықшамаудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің ауласынан 10 жастағы баланың денесі табылды. Куәлардың сөзінше, баланың шекесіне сынған ағаш тиіп, басы жарылған. Оқиғаны әуелі аула тазалаушылар көріп, жедел жәрдем қызметін шақырған. Артынан полиция келген. Бала оқиға орнында тіл тартпай кеткен.

«Үйге кіргенім сол еді әріптесім хабарласты. «Аулаңда баланы ағаш басып қалыпты» деді. Жүгіріп шықсам полицейлер жүр екен. Кейін жедел жәрдем келді”, – дейді тұрғын.

Фото: Дилара Иса

Баланың денесін полицейлер оқиға орнынан мәйітханаға алып кеткен.

«Сырттан көрдік. Бала қайтыс болды дегенді естігенде шок болдық. Әлі ес жинай алмай тұрмыз», – дейді тағы бір тұрғын.

Оқиға орнында сынған ағаш пен қар бетінде қан іздері жатыр. Аулада бұдан бөлек тағы бірнеше ағаштың сынып жатқаны байқалды.

фото: Дилара Иса

Куәгерлердің сөзінше, бала сол маңдағы үйлердің бірінде тұрған. №36 мектептің 4-сынып оқушысы. Отбасында үш баланың ортаншысы.

Оқиғаға қатысты полиция әзірге ақпарат бермеді.

Айта кетейік, 11 ақпанға қараған түні Шымкентте жаңбыр жауып, арты қарға ұласқан. Қалың қарды көтере алмаған ағаштар бірінен соң бірі сынып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз