
Бүгін түс қайта Шымкенттегі 11 ықшам ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің ауласынан 10 жастағы баланың денесі табылды. Куәлердің сөзінше, баланың шекесіне сынған ағаш тиіп, басы жарылған. Оқиғаны әуелі аула тазалаушылар көріп, жедел жәрдем қызметін шақырған. Артынан полиция келген. Бала оқиға орнында тіл тартпай кеткен.
«Үйге кіргенім сол еді әріптесім хабарласты. «Аулаңда баланы ағаш басып қалыпты» деді. Жүгіріп шықсам полицейлер жүр екен. Кейін жедел жәрдем келді”, – дейді тұрғын.

Баланың денесін полицейлер оқиға орнынан мәйітханаға алып кеткен.
«Сырттан көрдік. Бала қайтыс болды дегенді естігенде шок болдық. Әлі ес жинай алмай тұрмыз», – дейді тағы бір тұрғын.
Оқиға орнында сынған ағаш пен қар берінде қан іздері жатыр. Аулада бұдан бөлек тағы бірнеше ағаштың сынып жатқаны байқалды.

Куәгерлердің сөзінше, бала сол маңдағы үйлердің бірінде отбасымен бірге өмір сүреді. №36 мектептің 4-сынып оқушысы. Отбасында үш баланың ортаншысы.
Оқиғаға қатысты полиция әзірге ақпарат бермеді.
Айта кетейік, 11 ақпанға қараған түні Шымкентте жаңбыр жауып, арты қарға ұласқан. Қалың қарды көтере алмаған ағаштар бірінен соң бірі сынып жатыр.