Жаңалықтар

ТikTok үш айда Қазақстан аумағындағы 1,5 млн видеоны бұғаттады

фото ЖИ арқылы жасалған

2025 жылдың шілде-қыркүйек айларында TikTok Қазақстан аумағында шыққан 1,5 млн видеоны өшірді. Ал сәуір-маусым аралығында 1,4 млн видео бұғатталған. Олар платформа қағидасын бұзған деп хабарлайды компаниядан.

Миллиондаған контенттің 99,7%-ы проактивті түрде яғни қолданушылардан шағым түскенге дейін өшірілген. Басым көпшлігі жарияланғанына 24 сағат өтпей тұрып бұғатталған.

Жалпы өткен жылдың үшінші тоқсанында TikTok әлем бойынша платформа қағидаттарын бұзды деп 200 млн видеоны өшірді. 32 млн LIVE-трансляция бұғатталды.

«Алдымен авторларға ескерту жіберіледі, олардың контенті ережелерге қайшы келеді деп, оны түзетуге мүмкіндік береді. Егер одан әрі жалғаса берсе, TikTok автордың тікелей эфирлердегі монетизация мүмкіндіктерін шектейді», – деп түсіндіреді компаниядан.

Платформа мәліметінше, 2025 жылдың екінші тоқсанында ескерту беріліп, табыс табу мүмкіндігі шектелген 2,3 млн-нан астам тікелей эфир және 1 млн-нан аса стример тіркелген. Бірақ олардың дені азаймай отыр. Үшінші тоқсанда мұндай эфирлер саны 69%-ға артып, 3,9 млн-ға жетті.

Осы жақында ғана Абай облысында TikTok арқылы терроризмді насихаттаған тұрғын сотталғанын жазған едік. Оны жеті жылға түрмеге қамады.