
Түркістан облысы Сауран ауданында толассыз жауған жауыннан Жаңақорған өзенінде су деңгейі көтерілген. Кеше демалыс орындарына баратын топырақ жолды шайып кеткенімен бірге ауыл шетіндегі көпірді бұзып өткен.
Нөсер жауын жұртты әлі де әбігерге салып жатыр. Жаңақорған өзенінде су мөлшері шамадан тыс көбейіп, қатты ағыны Абай ауылы маңындағы көпірді шайып кетті. Мамандар жедел әрекет етіп, өзен арнасының жан-жағын қазып тастап, ауылды су басудың алдын алған.
Алайда мамандар арқаны кеңге салуға болмайтынын айтады. Су тасқыны қаупі де жоқ емес. Өзендегі су ағыны күндегідей емес қатты. Мұны ескерген облыс әкімі Нұралхан Көшеров бүгін оқиға орнына барып, тұрғындармен кездескен. Ауыл тұрғыны Қыдырәлі Нұрғараев бастысы шығын деп отыр.
«Адам шығыны, мал шығыны жоқ. Ендігі біздің жырымыз – жаңа көпір, – дейді ол.
Нұралхан Көшеровтің айтуынша, дәл қазір аймақта су нысандары мен өзен-көлдер тұрақты бақылауға алынған. Арнайы кезекшілік ұйымдастырылған. Мәселе толық бақылауда. Ал бұзылған көпір жөнделеді.
«Қазір жол жүретін көпір жасаймыз. Биыл көпір салып, бітіріп беремін деп уәде бере алмаймын. Келесі жылы бітіріп беремін. Келістік пе? Жалпы облыс бойынша аудандарға 4 жүздің үстінде техника алып келдік. Осыны реттеуге. Оны жасамағанда жағдай қазір бұдан ауыр болатын еді. Соған түсіністікпен қараңыздар. Биыл кішкене бюджетте қиындықтар бар. Сондықтан қазір ең қажетті халықтың сұранысын бітірейік», – деді облыс әкімі тұрғындармен кездесуде.
Айта кетейік, кеше Абай ауылында құтқарушылар 29 адамды эвакуация жасауға мәжбүр болды. Сауран ауданы аумағында жауын-шашыннан Жаңақорған өзеніндегі су деңгейі көтерілген. Су өзен арнасынан тасып, демалыс орындарының біріне баратын топырақ жолды шайып кеткен еді. Әкімдік жағдай бүгін тұрақталғанымен, мамандар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.