Үйге газ кіргізу ісінде әлеуметтік осал топтағы азаматтарға жеңілдік бар ма

Қазақстанның әлеуметтік осал топтағы азаматтарына үйге газ құбырын тартуға қандай да бір жеңілдік қарастырылған ба? Осы сауалды мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан сәрсенбі күні парламентте газға қатысты заң жобасын таныстырған әріптесі Еділ Жаңбыршинге жолдады.
«Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға газ магистралынан үйіне дейін жеткізіп беру мәселесі заң жобасында қарастырылған ба? Қарастырылмаса, біз өзгерту енгізсек, ұсынысты министрлік қолдай ма?» – деп сұрады депутат.
Құжат авторы Еділ Жаңбыршин мұндай мәселе жобада қарастырылмағанын айтып, сауалды «QazaqGaz» ұлттық компаниясына жолдады.
«Газ жүйелерін үйге дейін жеткізу «QazaqGaz» бен жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде. Оған қаражат бөлінеді. Ол жұмысты біз солармен бірге жасаймыз. Бірақ газ құбырын үйдің алдына дейін жеткізе аламыз», – «QazaqGaz Aimaq» басшысы Бауыржан Асқаров.
Оның айтуынша, газ құбырын үйдің ішіне кіргізуге, керекті газ жабдықтарын орналастыруға ешқандай жеңілдік жоқ.
Парламент талқылап жатқан заң жобасы үш ірі тарауды қамтиды. Біріншісі – газбен жабдықтау саласын заң мен ұйымдастыру тетіктерін жетілдіру. Екіншісі – газды үнемдеу тәртібін енгізу. Үшіншісі – сұйытылған газ нарығын реттеу мәселелерін жүйелеу.