
Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко Ресей мен Украина арасындағы соғыстың биыл аяқталатынын мәлім етті.
Ол бұл туралы The Times of Central Asia-ға берген сұхбатында айтты.
«Менің ойымша, бұл шектеулер тез арада шегіне жетіп келеді. Сондықтан мен әлі де соғыс биыл аяқталады деп сенемін. Мен бұған шын жүректен сенемін», – деді елші.
Оның айтуынша, Украина Қазақстанның экономикасына немесе инфрақұрылымына ешқашан соққы жасаған емес.
«Қазақстанның біздің егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызды өзгермейтін түрде қолдап келе жатқанын жоғары бағалаймыз және Қара теңіз арқылы энергия тасымалдаушылардың сенімді жеткізілуін қамтамасыз етуге ұмтыламыз», – деді ол.
Оның сөзіне сенсек, Украинаның соққылары тек Ресейдің әскери нысандарына байланысты объектілерге ғана бағытталған.
«Украина азаматтық инфрақұрылымға емес, Ресей армиясына жанармай жеткізетін мұнай өңдеу зауыттарына соққы жасайды. Украина ешқашан қазақстандық нысандарды заңды нысана ретінде қарастырған емес», – деді Виктор Майко.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан украиналық соққылардың нысанасы болған емес және болмайды да. Бұл – Украинаның саяси және әскери басшылығының ортақ ұстанымы.
Мұның алдында АҚШ президенті Трамп Украина мен Ресей арасындағы соғыс жазға дейін аяқталғанын қалайтынын айтқан болатын.