
2025 жылы «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» мемлекеттік қорға 50,5 млрд теңге аударды. Ұрланған ақшаны қайтарумен айналысатын мекеме былтыр 4,3 млрд теңге салық төледі. Бұл туралы Kursiv.Media хабарлайды.
ҚАБК мәліметінше, қорға түскен қомақты қаражат елдің барлық өңірінде әлеуметтік маңызы бар және инфрақұрылым жобаларын қаржыландыруға бағытталып жатыр.
Екі жылдан астам уақыт бұрын құрылған мекеме алғашқы жылы негізінен активтерді қайтарумен айналысса, енді соларды сатудың арқасында табыс тауып, миллиардтаған салық төлейтін дәрежеге жеткен.
«Қайтарылған активтерді сатудан түскен қаражат арнайы қорда жинақталып, қоғам игілігіне жұмсалады. Компания шаруашылық субъектісі ретінде бюджет кірісін тікелей толықтыратын тұрақты салық түсімдерін қамтамасыз етеді», – деп таратты компания.
2025 жылы ҚАБК аукцион арқылы отыздан аса актив сатты. Олардың арасында Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия секілді елдердегі мүліктер де бар. Ал биыл Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды қайтарған Kaisar Plaza ғимаратын 61,5 млрд теңгеге сатқалы жатыр.
Бұған қоса былтыр зергерлік бұйымдар, жылжымайтын мүлік, автокөліктер сияқты жеке активтер аукционда сатылған. Мәселен, 2026 жылғы 20 ақпанда экс-премьер Кәрім Мәсімовтің самурай қылышы аукционда шамамен 1 мың долларға саудаланады.
«Әрбір теңге – мейлі ол салық болсын, мейлі активтерді сатудан түскен табыс болсын – қоғам игілігіне және елдің тұрақты дамуына қызмет етуі тиіс», – деп есептейді KUVA.
«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» 2023 жылғы 21 қыркүйекте құрылды. Ол 100% мемлекетке тиесілі. Мақсаты – заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару және басқару.