
Ресей президенті Владимир Путин 2026 жылы Қазақстанға келуі мүмкін. Бұл туралы Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Оның сөзінше, 2025 жылдың қарашасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапарынан кейін Ресей кері сапарға дайындалып жатыр. Алайда бұл сапардың нақты күні әзірге белгіленбеген.
Одан бөлек елші сұхбатында Қазақстанда Ресей салатын мектептер туралы айтқан. Сөзінше, ресейлік мектептер Қызылорда, Тараз және Түркістанда салынады. Одан бөлек Қазақстанның Омбы, Астрахань және Орынборда мектеп салу мәселесі талқыланып жатыр. Ресей салатын мектептерде Қазақстанның сұранысы бойынша физика және химия пәндеріне ерекше назар аударылады.
Айта кетейік, Қазақстанның Ресейде мектеп салатыны туралы 2024 жылы да айтылды. Ол кезде Астанаға ресми сапармен келген Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстан Ресейде үш мектеп ашса, Ресей Қазақстанда да үш мектеп ашады деген.