«Жаппай цифрландыру»: Тоқаев сынынан кейін Бектенов министрлерге тапсырма берді

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

10 ақпанда Тоқаевтың қатысуымен кеңейтілген үкімет отырысы өткен еді. Іле-шала премьер-министр Олжас Бектенов министрлер кабинетін жинап, жаңа тапсырма берді. Үкімет басшысы барлық салаға цифрландыруды енгізу керек дегенді айтып, нақты дедлайндар қойды.

Бюджет бағдарламаларына тексеріс жүргізу керек

Қаржы министрлігіне осы жылдың бірінші мамырына дейін бюджеттік бағдарламаларды тексеруді тапсырды. Мұны мемлекеттік органдар және әкімдіктермен бірлесіп жасауы керек.

Ал Ұлттық банкпен бірігіп осы жылы тамыздың соңына дейін түрлі салаларда цифрлық теңгені көбейту жөнінде шаралар қабылдауға тиіс.

Қаржы министрлігі басқа мемлекеттік органдармен және Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен бірге жыл соңына дейін заңға өзгерістер енгізуі керек.

Ол өзгерістерге сәйкес:

  • маркетплейстерге,
  • интернет-агрегаторларға,
  • екінші деңгейлі банктерге

салық агенті мәртебесі беріледі. Яғни болашақта олар қызмет көрсетушілердің табысынан түсетін салықты автоматты түрде өздері ұстап қалып, мемлекетке аударып отыру деген қызмет берілуі мүмкін.

Сондай-ақ Қаржы министрлігі «Атамекен» палатасымен бірлесіп, осы жылдың бірінші наурызынан бастап қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімін іске қосуы керек.

Әкімдіктерге KPI қойылады

Бектенов бюджеттен тыс қаражат тарту яғни инвестиция әкелу бойынша мемлекеттік органдар мен әкімдіктер үшін KPI бекіту қажет деген тапсырма қойды. Оның нақты тетіктері әлі белгісіз.

Одан бөлек Сыртқы істер министрлігі (СІМ) Kazakh Invest-пен бірге Kazakhstan Investment House тетігі арқылы ірі шетелдік инвесторлармен жұмысты күшейтуі қажет. Тартылған инвестицияның жүзеге асырылуын цифрлық платформадан қадағалап отыруы тиіс. Сондай-ақ пайдалануға берілген инвестициялық жобалардың мониторингі регламентін әзірлеуі қажет.

Цифрландыруды қаржыландыру қорын іске қосу

Жасанды интеллект министрлігіне KazLLM-ді практикада пайдалануды кеңейту, Aitu мессенджерінің функционалын жақсарту деген тапсырма берді. Үкімет отырысында Тоқаев бұл жобалардың шетелдік платформамен салыстырғанда танымал емес екенін айтып сынаған.

Су тасқыны мен өрт қаупі жоғары кезеңдерді алдын ала болжау үшін Tasqyn және Talsim атты екі ақпараттық жүйені бір-бірімен біріктіру тапсырылды.

Одан бөлек Мәдиевтің ведомствосына Ұлттық банкпен бірлесіп 1 қазанға дейін Цифрландыруды қаржыландыру қорын іске қосуды жүктеді.

Мемлекеттік органдармен бірігіп 10 күн ішінде ақпараттық жүйелерді «QazTech» платформасына көшіру жоспарын бекітуі қажет.

Жүк транзитын толық цифрландыру

Цифрлануы керек тағы бір сала – көлік министрлігі. Премьер-министр ведомство басшысы Нұрлан Сауранбаевқа жыл соңына дейін теміржол желісінің операторы жүк вагондарын бөлу және беру процесін түгелдей цифрлық форматқа көшіруі керек деген талап қойылып отыр. Сондай-ақ дәл осы мерзімде Smart Cargo цифрлық платформасын өнеркәсіптік пайдалануға енгізуге тиіс.

Одан бөлек Көлік министрлігі ҚТЖ-мен бірігіп жыл соңына дейін «Мойынты – Қызылжар», «Дарбаза – Мақтаарал», теміржол жобаларын іске қосып, «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» учаскелерін жаңғыртуды аяқтауы қажет. Келесі жылдың соңына дейін – «Бақты – Аягөз» учаскесі пайдалануға берілсін деген міндет қойды.

«Қарағанды – Жезқазған», «Орталық – Батыс», «Ақтөбе – Ұлғайсын» автожол жобаларын жүзеге асыру, Қызылорда, Сарыағаш және Рудный қалаларында айналма жолдар салу рәсімдерін жеделдетуді де тапсырды.

Медициналық деректердің бірыңғай қоймасын әзірлеу керек

Ауыл шаруашылығы министрлігіне ветеринариялық инфрақұрылымды дамытуды міндет етті. Министр Айдарбек Сапаров осы жылдың 15 сәуіріне дейін Үкіметке ветеринарияны дамытудың кешенді жоспарын таныстыруы керек.

Ал бірінші маусымға дейін Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы тиісті заң жобасын әзірлесін және Үкіметке енгізуді міндеттеді.

Тоқаевтың көңілінен шықпаған тағы бір жобаның бірі – медицина саласындағы цифрландыру. Оның сөзінше, бұл салада жеке-жеке отыз ақпаратты жүйе жұмыс істейді екен.

«Мұны айтудың өзі ұят қой», – деп сынаған еді президент. Осыны ескере отырып Бектенов Денсаулық сақтау, Жасанды интеллект және Қаржы министрліктеріне биылғы 1 сәуірге дейін Медициналық деректердің бірыңғай қоймасын енгізуді аяқтауды тапсырды. Ал жыл соңына дейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметін цифрландыру қажет.

10 ақпанда Үкімет үйінде жиын өтіп, Тоқаев Бектенов командасының былтырғы жұмысына қорытындылаған. Премьер-министр мен оның орынбасарларына «жақсы» деген баға берді.

Сондай-ақ оқыңыз