Lifestyle

Әлемде қолданылып жүрген әр төртінші смартфон – iPhone

Фото: kursiv.media архиві

Counterpoint Research сарапшылары әлемдік смартфон нарығындағы жағдайды талдады. 2026 жылдың басындағы дерек бойынша, көшбасында әдеттегідей – Apple тұр. Статистикалық мәліметке сүйнсек, әлемдегі әрбір төртінші смартфон – iPhone-ға тиесілі.

Apple компаниясының үлесіне жаһандық смартфон нарығының шамамен 25%-ы тиесілі. Екінші орында – 20% үлеспен Samsung тұр. Осылайша, Apple мен Samsung әлемдік ұялы телефон нарығының жартысына жуығын бақылауда ұстап отыр.

Дереккөз: Counterpoint Research

Топ-10 қатарына сондай-ақ Xiaomi, Oppo, vivo, Transsion (Tecno, Infinix), Huawei, Honor, Motorola, realme және Google кіреді. Соңғы үшеуінде ғана белсенді құрылғылар саны әзірге 200 млн данадан аспаған.

«Әлемдегі белсенді смартфондар саны бойынша Apple көш бастап тұр. Шамамен әр төртінші белсенді смартфон – iPhone. Бұл пайдаланушылардың сенімі, iOS экожүйесінің дамығандығын және өзара тығыз ықпалдастырылған сервистермен байланысты. Samsung әлемдегі белсенді смартфондардың шамамен бестен бір бөлігіне ие болып, екінші орында тұр. Бұған компанияның нарықтағы көпжылдық тәжірибесі, бастапқы деңгейден премиум-сегментке дейінгі кең өнім желісі және негізгі өңірлердегі ауқымды географиялық қамтуы ықпал етеді», – деді Counterpoint Research компаниясының аға талдаушысы Карн Чаухан.

Еске салсақ, Apple компаниясы ресми түрде сертификатталған, қайта жаңартылған iPhone 16, iPhone 16 Plus, iPhone 16 Pro және iPhone 16 Pro Max смартфондарының сатылымын бастады. Олардың басты артықшылығы бағасында, жаңа нұсқаларымен салыстырғанда 12–24 %-ға арзан.