
Қазақстан Миланда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына дайындық аясында спортшыларды төрт жыл бойы даярлауға 13,3 млрд теңге бөлді. Бұл қаражат биатлон, хоккей, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау және фристайлды қоса алғанда, жалпы 13 спорт түрін дамытуға бағытталды.
Туризм және спорт министрлігі қысқы олимпиадалық спорт түрлеріне бөлінген қаржы туралы мәлімет Kursiv.Media ресми сауалына берген жауапта айтылған.
Негізгі қаржылық жүктемені өңірлер көтерді. Мәселен, жалпы соманың 50%-ы (6,65 млрд теңге) жергілікті бюджеттерден бөлінген. Республикалық бюджет шығындардың 35%-ын қамтамасыз етсе, қалған 15%-ы бюджеттен тыс және демеушілік қаражат есебінен түскен.
Қаражат бірнеше негізгі бағыт бойынша бөлінді:
- спорттық киім-кешек пен жабдықтарды сатып алу;
- спортшылар мен жаттықтырушылардың жалақысы, оның ішінде шетелдік мамандардың еңбекақысы;
- медициналық қамтамасыз ету және фармакологиялық қолдау;
- оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру және халықаралық лицензиялық турнирлерге қатысу.
Ведомство мәліметінше, қолдау конькимен жүгіру спорты, шорт-трек, керлинг, тау шаңғысы спорты, сноуборд, шаңғы қоссайысы, трамплиннен секіру және ски-альпинизм сияқты спорт түрлерін де қамтыған. Жалпы Олимпиадаға Қазақстан атынан 10 спорт түрі бойынша 36 спортшы жолдама алды.
Олимпиада чемпиондарына берілетін сыйақы
Туризм және спорт министрлігі мәлімдегендей, Олимпиадаға қатысу үшін спортшыларға ешқандай ақшалай сыйақы төленбейді.
Қолданыстағы заңға сәйкес, қосымша төлемдер тек жоғары орындарға ғана қарастырылған, ал төлемдер алтыншы орыннан бастап беріледі (осындай сомаларды жаттықтырушылар да алады). Алайда ақшалай сыйақының мөлшері үлкен айырмашылықпен белгіленеді – алтыншы орынға спортшы бірінші орын алғаннан 50 есе аз сыйақы алады. Бұл сыйақы мөлшері Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарына да қолданылады.

Қосымша сыйақылар Олимпиада ойындарында әлемдік рекорд орнатқандарға да беріледі. Әр рекорд үшін спортшыға 5 мың доллар, жаттықтырушыға 3 мың доллар төленеді.
Дегенмен Олимпиададағы жеңістерге берілетін сыйақы басқаларға қарағанда әлдеқайда көп болады. Мысалы, Азия ойындарындағы жеңіс 10 мың долларға бағаланса, бұл Олимпиададағы жеңістен 25 есе аз.
Айта кетейік, қазақстандық фристайлшылар Анастасия Городко, Юлия Галышева және Аяулым Әміренова 2026 жылғы Олимпиадада могул санатының финалына шыға алмады.