Жаңалықтар

Халық талабымен жасалған жалғыз шегініс: депутаттар тіл туралы баптағы өзгеріс жайлы

Фото: Kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт пен Аманжол Әлтай Конституция жобасындағы тіл туралы баптағы өзгеріске қатысты пікір білдірді. Депутаттар «тең» мен «қатар» сөздерінде үлкен айырмашылық бар деп есептейді.

Ринат Зайыт: «Тең тұрған жоқпыз, бірақ қатар тұрмыз»

Оның айтуынша, бұл өзгеріс – халық талабымен жасалған жалғыз шегініс.

«Өте жақсы қабылдадым. Себебі бұл осы реформаның ішіндегі халықтың қалауымен болған жалғыз шегініс. Бұл аз жетістік емес. Өзгерісті енгізудің өзі – халықтың талабымен санасу», – деді депутат.

Kursiv.Media тілшісі депутаттың «тең» және «қатар» ұғымдарын қолдануына қатысты сұрақ қойды. Бұл сөздердің синоним екенін, мұндай ажырату манипуляция емес пе екенін нақтылады.

Ринат Зайыт екі сөзде айырмашылық бар екенін алға тартты.

Екеуміз осы тұрғанда қалай тұрмыз?

Тең тұрмыз.

Тең тұрған жоқпыз, сіз сұрақ алушысыз, мен жауап берушімін. Бірақ қатар тұрмыз. Тең тұрғанымен, есептелмейді. Осы оның мағынасы. Домбырада екі ішек бар, екеуі тең тұрмайды ғой, қатар тұр, біреуінің бұрауы кем.

Айырмашылық бар...

Депутаттың әріптесі Аманжол Әлтайдың да жауабы осыған саяды.

«Түсіне білген адамға «тең» мен «қатар» сөздерінің арасында айырмашылық бар. Тең сөзі айтпаса да түсінікті, құқығы, мәртебесі тең деген сөз. Ал мысалмен айтсақ, бір қатарда хан да, қара да, сарбаз да тұруы мүмкін. Бірақ олардың статусы құқығы бірдей емес», – деп пайымдады Аманжол Әлтай.

Еске салайық, Ата заң жобасына бірнеше өзгеріс енгізілді. Соның ішінде тіл туралы бап өзгерді. 9-бап нақтыланып, «тең» сөзі «қатар» деп ауыстырылды.

Ал осыған дейін Ата заң жобасының 9-бабында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған болатын.