Жаңалықтар

Тұрғын үйге сұраныс шамамен 50%-ға төмендеді

Фото: kursiv.media, Серікжан Қобланбаев

Қаңтар айында тұрғын үйге сұраныс желтоқсанмен салыстырғанда 47,8%-ға төмендеді. Бір ай ішінде бар болғаны 27 745 сатып алу-сату мәмілесі рәсімделген.

Бұл төменгі көрсеткіш, осыған ұқсас мәмілелер саны соңғы рет 2025 жылдың наурыз айында тіркелген еді.

Қаңтар айында мәмілелер санының 47,8%-ға төмендеуі көбіне 2025 жылдың желтоқсанындағы «сауда қызған» уақытпен байланысты. Ол кезде 53,1 мың мәміле рәсімделді, бұл соңғы үш жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Заңнамадағы өзгерістер, салықтар мен ипотекалық бағдарламаларға қатысты әңгімелер аясында сатып алушыларды шешімді тез қабылдап, әрекет етті. Соның салдарынан сұраныстың бір бөлігі, әсіресе жаңа тұрғын үйлер сегментінде, алдын ала жүзеге асты, деп түсіндірді Krisha.kz сату бөлімінің басшысы Имран Османов.

Қаңтарда нарық 27,7 мың мәмілеге дейін төмендеп, іс жүзінде қалыпты деңгейіне оралды. Айына 25–40 мың арасындағы мәміле, бұл нарықтың қалыпты жұмыс істеуінің көрсеткіші. Мамандар желтоқсандағы өсімді бір реттік құбылыс деп түсіндірді. Қазір сатып алушылар көктемгі маусым мен жаңа ипотекалық бағдарламаларды күтіп жүр.

Қаңтарда сұраныс қалай өзгерді

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, сұраныс барлық өңірде төмендеген. Әсіресе Павлодар (–68,1%), Абай (–64%) және Солтүстік Қазақстан облыстарында (–57,3%) тұрғын үй нарығының саудасы айтарлықтай бәсеңдеген.

Десе де, Қазақстанда жаңа тұрғын үйлердегі пәтерлер бағасы әлі де қымбаттап жатыр. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтарында 2025 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда бірінші нарықтағы пәтер бағасы ел бойынша орта есеппен 2,5%-ға қымбаттаған.