
Ауа райының нашарлауына байланысты Тараз – Алматы республикалық жолдағы Қордай асуы учаскесінде қоғамдық және жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Шектеу 11-13 ақпан аралығында үш күнге созылады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы хабарлады.
Қалың қар, боран…
Аталған аумақта қардың мол түсуі, боран және көріну деңгейінің күрт төмендеуі жол қозғалысының қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіріп отыр. Қордай асуы қыс мезгілінде күрделі учаскелердің бірі саналады.
«Қазіргі уақытта бұл бағытта «Қорғас», «Достық», «Қалжат» өткізу пункттерінен, сондай-ақ Алматы қаласынан шыққан жүк автокөліктері қозғалыс жасауда. Уәкілетті органдар жалғасқан қозғалыс жабық учаске маңында көліктердің шоғырлануына, арнайы техниканың жұмысына кедергі келтіруге және көп шақырымдық кептелістердің қалыптасуына әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Бұдан бөлек, тайғақ жол мен шектеулі көріну жағдайында жол-көлік оқиғалары санының арту қаупі жоғары«, – делінген хабарламада.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жол төсемін қардан тазалау, көктайғаққа қарсы материалдар себу және қозғалысты кезең-кезеңімен қалпына келтіру бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр . Алдын ала болжам бойынша, қолайсыз ауа райы алдағы екі тәулік бойы сақталуы мүмкін.
Айта кетейік, «Қазгидромет» синоптиктері 10, 11 және 12 ақпан күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялады. Ел аумағында боран, көктайғақ, бұршақ, қатты жел болуы ықтимал.