Жаңалықтар

118 млн теңгені букмекерлерге ұтқызған лудоман-бухгалтер қамалды

Кей адамдар ақша жымқырып, түрмеге отырып, ауқатты болып шығуға дейін баруға дайын
Фото: kursiv.media мұрағаты

Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік кәсіпорынның бухгалтері бюджеттен 118 млн теңге жымқырды деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Прокуратураның мәліметінше, ол қаражатты букмекерлік кеңседе бәске тіккен.

«Лудоманияға шалдыққан кәсіпорынның бухгалтері компания қаражатын заңсыз пайдаланып, оларды «1XBet» букмекерлік кеңсесінде бәске тіккен. Сондай-ақ ұрланған ақшаға жаңа автокөлік сатып алған. Мемлекетке келтірілген жалпы залал 118 миллион теңгені құрады», – делінген хабарламада.

Қылмыстық іс қозғалды

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы («Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Істі арнайы прокурорлар жүргізіп жатыр.

Сот санкциясымен күдікті қамауға алынып, сатып алынған автокөлікке тыйым салынды.

Айта кетейік, 2025 жылы БҚО-да букмекерлік кеңселерде бәс тіккені үшін түрлі мемлекеттік органдардың 16 қызметкері қызметінен босатылған.