
8 жылға бас бостандығынан айырылған Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің бұрынғы ректоры Дамир Шыныбеков бостандыққа шықты. Ақпаратты ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі растады.
Шыныбековтің рақымшылыққа ілінгені айтылды.
«Дамир Шыныбековке заңда белгіленген тәртіппен рақымшылық жасалды, нәтижесінде жаза мерзімі қысқартылды.
Қайта есептелген мерзімді ескеріп, сотталған адам сот тағайындаған жазаны толық өтеп, заңды негізде босатылды», – деп хабарлады комитет.
Сондай-ақ комитет мұндай шешімді сот қабылдайтынын еске салған.
Айта кетейік, Дамир Шыныбеков 2019 жылдың маусымында өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде талан-таражға салды деген күдікпен ұсталды.
Ол 2009 жылдан бастап Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті ректоры болған, 2017 жылы Алматы қаласы мәслихатының депутаты атанған.
2020 жылдың қазанында Дамир Шыныбеков пен оқу орнының бас бухгалтері Жанайым Спабекова кінәлі деп танылып, 8 жылға сотталған.
Тергеу мәліметінше, Білім және ғылым министрлігі 2013-2018 жылдары университетке 10 миллиард теңгеден аса қаражат аударған. Шыныбеков пен Спабекова жыл сайын студенттер санын жасанды түрде арттырып, осы сомадан 1 миллиард 727 миллион теңге жымқырған. Ол ақшаға пәтерлер мен қымбат көлік сатып алған.