Жаңалықтар

Алматыда қонақүй қала орталығындағы жерді пайдалану құқығынан айырылды

Мәселе Абылай хан көшесіндегі қонақүйге қатысты болып отыр/фото: shutterstock

Алматыда «Гостиница Жетысу» ЖШС жалға алынған жерде пайдалану құқығынан айырылды. Мәселе Алмалы ауданында орналасқан Абылай хан көшесі, 55 мекенжайындағы 0,24 га (2432 ш.м) жер учаскесіне қатысты болып отыр. Бұл жер телімін қала әкімдігі бірнеше жыл бұрын компанияға абаттандыру және көгалдандыр мақсатында берген.

2022 жылдың қаңтарында Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы мен «Гостиница Жетысу» ЖШС арасында жерді 4 жыл 11 айға жалға алу туралы келісім жасалған.

Сотта Алматы қаласының әкімдігі Жер кодексі талабын бұзып, даулы жер учаскесін ЖШС-ға конкурс өткізбей бергені анықталды.

Апелляциялық сотта жер учаскесін жалға алу шарты жарамсыз деп танылды. Осылайша сот шешімі күшіне енген күннен бастап «Гостиница Жетысу» жер учаскесін уақытша пайдалана алмайды.

«Жетысу» қонақүйі 1957 жылы салынған. 2016 жылы «Алматы» ӘКК «Гостиница Жетысу» ЖШС-ның 100% үлесін сату туралы хабарлады. Тарихи нысанның жер учаскесімен бірге бастапқы бағасы 1,2 млрд теңге болған. Қазір нысан Novotel Living and ibis Almaty Jetisu қонақүйі ретінде жұмыс істейді.