
Алматыда психотроптық заттарды аса ірі көлемде заңсыз дайындап, сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді.
Алматы прокуратурасының ақпаратына қарағанда, қылмыстық топтың қызметін Медеу аудандық прокуратурасының үйлестіруімен полиция қызметкерлері анықтап тоқтатты.
Прокуратураның мәліметінше, топ ұйымдастырушысы Алматыдағы жеке тұрғын үйлерде орналасқан үш жасырын есірткі зертханасының жұмысын басқарып отырған. Бұл зертханаларда күн сайын кейін сатуға арналған психотроптық заттар дайындалған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында наркозертханалардың қызметі тоқтатылып, топтың жеті мүшесі ұсталды. Заңсыз айналымнан психотроптық заттар, оның ішінде мефедрон да тәркіленген.
Сотқа дейінгі тергеу қорытындысы бойынша, ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі халықаралық іздеуге жарияланды.
Ал топтың қалған мүшелері сот үкімімен кінәлі деп танылып, әрқайсысы 16 жылға бас бостандығынан айырылды.
Мұның алдында Алматыда полиция қызметкерлері синтетикалық есірткі құралдарын таратумен айналысқан бір топ адамды ұстағанын хабарлаған болатын.