Жаңалықтар

Ажырасқанын жасырған: Шымкентте бойжеткенді 3 ай аңдыған сталкер ұсталды

Фото: ІІМ

Ішкі істер министрлігі Шымкентте тағы бір сталкер қамауға алынғанын хабарлады.

Құзырлы органның мәліметінше, оқиға қарапайым таныстықтан басталған. Екі айға жуық қарым-қатынастан кейін жігіт бойжеткеннің ата-анасымен де танысқан. Кейін қыз сөйлесіп жүрген жігіттің бұрын некеде болғанын біліп қойған. Осы себепті қарым-қатынасты тоқтатқан.

«Алайда ер адам бұл шешіммен келіспей, үш айдан астам уақыт бойы қызға қоңырау шалып, хабарлама жазып, соңынан қалмай қудалауын жалғастырған. Сондай-ақ жәбірленушінің отбасына зиян келтіруі мүмкін екенін айтып қорқытқан», – деп хабарлайды ІІМ.

Жәбірленуші бұл туралы полицияға айтып, көмек сұраған. Полиция қызметкерлері бірден жедел іс-шаралар жүргізді. Күдікті анықталып, қамауға алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Осыған ұқсас оқиға бойынша жақында Астанадағы бір жігітке үкім шыққан еді. Қала прокуратурасының хабарлауынша, күдікті жәбірленушінің қарсылығына қарамастан, оны тұрғылықты және жұмыс орны маңында аңдып жүрген. Сонымен қатар оның келісімінсіз бейнежазбаға түсіріп, психологиялық қысым көрсеткен. Ақыры ол жігіт те қамауға алынды.