Байқоңырда бүгін ұшатын «Протонға» улы гептил отынын құюға рұқсат берілді

12 ақпанда Астана уақытымен сағат 13:52-де «Протон-М» зымыран тасығышы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылады. Зымыранға улы гептил отынын құюға рұқсат берілді.
Улы отынмен ұшуға рұқсат берді
«Роскосмос» мәліметінше, мемлекеттік комиссия «Протон-М» зымыран тасығышына гептил құюға рұқсат еткен. Мұндай шешім оның шынымен бүгін ұшатынын білдіреді.
Комиссия құрамында Қазақстан өкілдері де бар. Себебі мұндай тәртіп Қазақстан мен Ресей арасында Байқоңыр туралы келісімдерде көрсетідген. Оның үстіне, Байқоңыр ғарыш айлағы Қазақстан аумағында орналасқан. Жергілікті билік «Протон-М» сияқты ауыр зымырандарды ұшыруға дайындық, оған отын құю сияқты маңызды жұмыстардан хабардар болуға тиіс.

Гептил құйылған зымыран
«Роскосмос» телеграм-арнасында зымыранның техникалық сипаттамасы көрсетілді. 12 ақпанда таңертең жарияланған инфографикада «Протон» зымыранына бейсимметриялық диметрилгидразин, яғни өте улы гептил отыны, сонымен бірге азот тетроксиді құйылатыны айтылған.
Парламент не дейді?
«Протон-М» зымыран тасығышының нақты қандай отынмен ұшатыны парламент депутаттары да қызықтырады.
«Мен зымыранның жанармайдың нақты қай түрімен ұшырылатынын айта алмаймын. Себебі ол туралы ақпарат менің қолыма түскен жоқ. Тексеру керек. Біз оны сұратамыз. Өйткені екі мемлекет арасында соған байланысты келісімшарт болған. Құжаттарын қараймыз», – деді депутат Бақытжан Базарбек бір күн бұрын Kursiv.Media тілшісіне.
Оның пікірінше, мәселе зымыран түріне емес, оның нақты қай отынмен ұшатындығында болып тұр.
«Зымыран ұшырған кезде оның қоршаған ортаға, табиғатқа кері ықпалы болмауға тиіс. Сондықтан біз екі ел арасындағы келісімшарт пен оған қосымша құжаттарын алдыртамыз», – дейді депутат.

Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімдер
Ресей Байқоңырда «Протон» зымырандарын ұшыруды 2026 жылы тоқтатуы керек еді. Алайда Мәскеу олардың бәрін ұшырып үлгермей, уақытты созуды сұраған. «Роскосмос» өкілдерінің айтуынша, қазір екі ел «Протонды» ұшыру мерзімін 2032 жылға дейін созу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр.
Бұған дейін Kursiv.Media Қазақстанның Байқоңыр ғарыш айлағы мен ел аумағындағы әскери полигондарды Ресейге жалға беруден қанша пайда тауып отырғаны туралы жазған.
Салмағы 700 тонна, биіктігі 58 метр болатын «Протон-М» зымыран тасығышы сәрсенбі күні түстен кейін Байқоңыр ғарыш айлағындағы №81 ұшу алаңынан көкке көтеріледі. Зымыран орбитаға «Электро-Л» №5 спутнигін алып шығады. Ол ауа райын тәулік бойы бақылайтын гидрометеорология спутнигі. Протон 9 ақпанда таңертең ұшу алаңына жеткізілген.