Хасан Қасымбаевқа шыққан үкім өзгеріссіз қалды

Қонаев қаласында 12 жылға сотталған Хасан Қасымбаевтың сот үкіміне шағымы қаралды. Нәтижесінде сот алқасы бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Қасымбаевтың есімі жасөспірім Шерзат Полаттың қазасынан кейін атала бастады. Талғардағы қылмыстың «Хуторлықтар» ұйымдасқан қылмыстық тобымен байланысы бары айтылды. Ол адам ұрлау, қасақана ауыр дене жарақатын келтіру, қорқытып алу әрекетін жасағаны үшін сотталды.
Сот алқасы алдында жәбірленуші тарап пен қорғау тарабы өз ұстанымдарын айтқан. Informburo.kz хабарлауынша, Қасымбаевтың адвокаты Ерлан Мендешев бірінші сатыдағы соттың үкімін заңсыз, негізсіз деп санайды.
«Бірінші сатыдағы сотта қорғау тарабы Қасымбаевқа қатысты қылмыстық қудалау ашық түрде тапсырыспен ұйымдастырылғанын дәлелдеді. Шерзат Полаттың өлімінен кейін үш күн өткен соң Каржаубай Нұрымовтың Талғарда «Хуторлықтар» ұйымдасқан қылмыстық тобы бар және оның жетекшісі Хасан Қасымбаев деген эмоцияға толы мәлімдемесінен кейін қылмыстық іс қозғалып отыр», – деді Ерлан Мендешев.
Оның сөзінше, қоғамдағы резонанс тергеу органдары мен сотқа қысым көрсеткен. Сондай-ақ істе қылмыстық-процестік заң нормалары сақталмағанын айтып өтті. Соған байланысты үкімнің күшін жою қажет деді.
Айта кетейік, қылмыстық істе алты адам сотталды. Олар: Хасан Қасымбаев, Руслан Әлиев, Мадияр Қалимжанов, Сайлау Ақтанов, Нұрмұхамет Сұлтанбеков және Данияр Аскаров.