2025 жылы халық 40 мың алтын құймасын сатып алған

2025 жылы Қазақстандағы банктер мен жеке айырбастау пунктері халыққа жалпы салмағы 1,1 тонна болатын 40 799 алтын құйма сатқан. Ұлттық банктің хабарлауынша, бұл – кері сатып алынған құймаларды қосқандағы көрсеткіш. Былтыр әлемдік нарықта алтын бағасы 60%-ға дейін қымбаттағаны белгілі.
Былтыр сатылған құймалар қатары 2024 жылғы дерекпен салыстырғанда екі есе аз. Алдыңғы жылы халық 2,5 тоннаға тең алтын құймасын сатып алған.
Бағдарлама басталғаннан бері сатылған алтын құймалар саны – 263 479, жалпы салмағы 9 тоннаға жетті.
Алтын құймаларды негізінен Алматы, Астана мен Шымкент қаласының тұрғандары сатып алған.
Халық алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық банк, Alatau City Bank, ЦентрКредит Банкі арқылы немесе жеке айырбастау пунктерінде сатып алып, кейін кері сата алады.
Ең танымал құйма
Халық арасында ең танымал құйма – 10 грамдық (сатылғандардың 26%-ы). Одан кейін 5 грамдық (22%), 100 грамдық (20%), 20 грамдық (19%), 50 грамдық (13%) құймалар келеді.
Әр құйма қорғаныш қорабында келеді, беті айнадай жылтыр, микротексті және бедерлі жиегі бар, зақымданудан қорғалған. Қорап ашылмаған жағдайда ол сапа сертификаты ретінде есептеледі. Сондықтан алтынды сақтап, қорабын бүлдірмеу керек.
Алтын құйма – сенімді инвестиция, оны кез келген банктен сатып алып, қайта сата аласыз.