
Әлеуметтік желідегі жарияланымдар арқылы сауда желілерінен ақша талап еткендерді алқабилер соты 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Іс материалдарына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысының екі тұрғыны (хабарламада С. және Р. деп көрсетілген) әлеуметтік желілерде парақша ашып, Петропавлдағы сауда нысандарында анықталған заңбұзушылықтарды бейнежазба және фотосуреттер арқылы жариялап отырған. Олар «әшкерелейтін материалдарды әрі қарай таратамыз» деп қорқытқан. Сондай-ақ сауда желілерінің меншік иелерінен жарияланымдарды тоқтату және мемлекеттік бақылаушы органдарға шағым түсірмеу үшін ақша талап еткен.
Тергеу деректеріне сүйенсек, 2023 жылдың маусым-қазан айлары аралығында олар бір супермаркеттер желісінің директорынан бес рет ақша алған. Оның әрқайсысы 200 мың теңгеден болып, жалпы сома 1 млн теңгені құраған. Ал 2023 жылдың қазан-қараша айларында С. және Р. өзге бір сауда желісінің өкілдеріне дәл осындай талап қойып, 50 млн теңге сұраған.
Сұралған қаражаттың 25 млн теңгесін алу кезінде оларды құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұстаған. 2025 жылдың ақпанында алқабилер соты С. мен Р.-ны қылмыстық кодекстің 194-бабы бойынша кінәлі деп таныды. Әрқайсысы 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Апелляциялық саты бұл үкімді өзгеріссіз қалдырған. Кейін іс кассациялық тәртіппен қайта қаралған. Кассациялық сот істегі дәлелдерді, тараптардың уәждерін тексеріп, алқабилердің үкімі заң талаптарына толық сәйкес келеді деген қорытындыға келді.
Сотталған тарап әрекеттерін қылмыстық кодекстің 389-бабы (өз бетінше билік ету) бойынша қайта саралау туралы уәждер де қанағаттандырылмады. Себебі олардың іс-әрекеттерінде пайдакүнемдік пиғылмен ақша алу мақсаты болғаны дәлелденген. Сот актілері заңды күшінде қалды.