Ресейде WhatsApp-ты толық бұғаттап тастады
Ресейде WhatsApp мессенджерінің жұмысы толығымен шектелді. Егер платформа елдің заңнамасындағы шарттарды орындап, билікпен серіктесуге дайын болса ғана жұмысы жалғасуы мүмкін. РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков осылай деп мәлімдеді.
Песковтың сөзінше, ең бастысы компания құқықтық талаптарды орындауы керек.
«Егер Meta корпорациясы Ресей заңын орындап, билікпен диалогқа дайын болса, онда келісуге мүмкіндік бар», – деп атап өтті Кремль өкілі.
Песковтың сөзінше, Meta серіктестікке дайын екенін көрсетпесе, онда платформа жұмысын жалғастырмайды.
Бұған дейін Роскомнадзор WhatsApp мессенджері Ресей заңнамасын бұзғаны үшін кезең-кезеңімен шектеу шаралары енгізіліп жатқанын хабарлаған. Ведомство мәліметінше, мессенджер террористік әрекеттерге, сондай-ақ алаяқтық схемалар мен азаматтардан ақша бопсалауға пайдаланылып келеді.
Айта кетейік, Meta компаниясы Ресейде экстремистік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған.