
Ресей Федерациясының спорт министрі Михаил Дегтярев спорттық азаматтығын ауыстырып, басқа елдің намысын қорғап жүрген спортшыларға қатысты шаралар қатаңдауы мүмкін екенін мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, болашақта мұндай спортшыларға Ресей аумағына кіруге шектеу қойылып, елдегі спорттық инфрақұрылымды пайдалануға да тыйым салынуы ықтимал.
«Центральный канал» бағдарламасының эфирінде сөйлеген Дегтярев мемлекет спортшыларды даярлауға үлкен қаржы мен ресурстар жұмсайтынын атап өтті. Сондықтан спортшы кейін Ресей атынан бас тартып, басқа ел намысын қорғауды таңдаса, оның салдары да қатаң болуы тиіс деген пікір білдірді.
«Біз оларды тәрбиелейміз, жағдай жасаймыз, ал кейін спортшы азаматтығын ауыстырып кетеді. Мұндай жағдайда спорт нысандарына қолжетімділіктен бастап, елге кіруге дейін шектеу қою мәселесі туындауы мүмкін», – деді министр.
Сондай-ақ, ведомство басшысы мұндай жағдайларға қатысты талаптарды күшейтетін бұйрыққа қол қойылғанын айтты. Мысал ретінде спорттық азаматтығын өзгерткен бір шахматшының гроссмейстер атағынан айырылған жағдайын келтірді.
Айта кетейік, соңғы жылдары бірқатар танымал спортшылар Ресейден басқа елдердің атынан өнер көрсетіп жүр. Олардың қатарында Қазақстан намысын қорғайтын әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина мен ATP рейтингіндегі алғашқы ондыққа кіретін Александр Бублик бар. Бұдан бөлек Анна Данилина, Александр Шевченко, Юлия Путинцева да көк паспорт алған.
Ал 2025 жылы бірнеше ресейлік теннисші азаматтығын ауыстырды. Бұрын Ресейдің бірінші ракеткасы болған Дарья Касаткина енді Австралия атынан ойнайды. Мария Тимофеева, Камилла Рахимова және Полина Кудерметова Өзбекстан құрамасына өткен. Ал Анастасия Потапова халықаралық жарыстарда Австрия атынан қатысып жүр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ресей қазақстандық әзілкеш Нұрлан Сабуровқа 50 жылға дейін елге кіруіне тыйым салған еді.