
Қазақстанның бірінші ракеткасы, әлемнің үшінші нөмірлі теннисшісі Елена Рыбакина Дохада өтіп жатқан WTA-1000 санатындағы турнирдің екінші айналымында Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы, қытайлық Чжэн Циньвэньді үш сетке созылған тартысты кездесуде жеңді – 4:6, 6:2, 7:5. Осылайша, қазақстандық спортшы Australian Open-2026 турнирінен басталған жеңісті сериясын тоғыз матчқа дейін ұзартты.
Рыбакина мен Чжэн шамамен жылына бір рет кездесіп тұрады. 2022 және 2023 жылдары қазақстандық теннисші қарсыласын Уимблдон мен Бейжің турнирлерінде жеңсе, 2024 жылы Эр-Риядтағы жарыста қытайлық спортшы басым түскен. Өткен маусымда олардың жолы тоғыспады: Чжэн қорытынды турнирге қатыса алмаған, ал Рыбакина маусым қорытындысында жеңімпаз атанған.
Алғашқы сет
Кездесудің алғашқы сетінде қытайлық теннисші Рыбакинаға қиындық тудырды. Бұрыштарға дәл соққылар жасап, тор маңына жиі шығып, комбинацияларды сәтті аяқтап отырды. Бесінші геймде Рыбакина есепті теңестіре алмады Есеп 4:6.
Ойын барысын өзгерткен екінші партия
Екінші сетте қазақстандық теннисші ойын бағытын өзгерте алды. Әр сәтті ұпайдан кейін сенімділігі артып, төртінші геймде брейк жасап, кейін оны өз доп асыруында бекітті. Рыбакина сет соңына дейін басымдығын сақтап, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Шешуші сет
Үшінші партияда Рыбакина ойын тізгінін қолға алғанымен, матч соңында жанкүйерлерін қобалжытты: 5:3 есебінде матчқа беру мүмкіндігін пайдалана алмады. Алайда екінші матчболда жеңісті нүкте қойып, 2 сағат 27 минутқа созылған кездесуді өз пайдасына шешті – 4:6, 6:2, 7:5.
Келесі қарсылас
Енді Рыбакина жартылай финал жолдамасы үшін 19 жастағы канадалық Виктория Мбокомен кездеседі. Мбоко ресейлік Мирра Андрееваны 6:3, 3:6, 7:6 (7:5) есебімен жеңді. Бұған дейін Мбоко Вера Звонарева мен Мари Бузкованы да турнирден шығарған.
Жеке кездесулер статистикасында Рыбакина қарсыласынан 2:1 есебімен алда.
Турнир жүлде қоры
Qatar Open-2026 турнирінің жалпы жүлде қоры 4 088 211 долларды құрайды. Жекелей сындағы чемпион 385 мың доллар алса, жұптық сындағы жеңімпаздар 110 мың долларды өзара бөліседі.
Айта кетейік, биылғы маусым Елена Рыбакина үшін сәтті басталды. 31 қаңтар күні қазақстандық теннисші Australian Open турнирінің жеңімпазы атанған еді.