Тоқаев қару иелеріне қойылатын талаптарды күшейтетін заңға қол қойды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі, тұрғын үй қатынастары және құқық қорғау қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды, деп хабарлады Ақорда.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Заңға сәйкес енді жеке күзет ұйымдары өз қызметі тоқтатыла тұрған немесе қайта басталған, сондай-ақ, заңды тұлға тіркелген жерден тыс қызмет көрсеткен жағдайда уәкілетті органды бес жұмыс күні ішінде хабардар етуге міндетті болады.
Бұдан басқа, заң күзет ұйымдарының уәкілетті органға жұмыс туралы есеп беру міндетін бекітуді көздейді.
Азаматтық және қызметтік қару иелері үшін қосымша міндеттер қарастырылған:
- Қаруды тексеріп көру үшін мылтықты тапсыру. Уақтылы берілмеген жағдайда рұқсат тоқтатылуы мүмкін;
- қару иесі – заңды тұлғаның қызметі тоқтатыла тұрған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қаруды және оның патрондарын ішкі істер органдарына сақтауға тапсыру.
Сондай-ақ, өзгерістер Үкіметке тұрғын үй төлемдерін беру, есептеу, тағайындау және жүзеге асыру тәртібін айқындау жөніндегі өкілеттіктерді беру бөлігінде «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға да қатысты болды. Заң құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар, азаматтық қорғаныс органдары және әскери қызметшілердің тұрғын үй төлемдерін алуға құқықтары мен міндеттерін белгілейді, ал бұл құқықтарды жүзеге асыру тетігі заңға тәуелді актілерде көзделетін болады. Бұл өзгерістер заңға тәуелді актілердегі нормалар мен құқықтық қатынастардың шамадан тыс реттелуіне жол бермейді.