Жыл басынан бері 2 мыңға жуық адам қызылша жұқтырды

2026 жылдың басынан бері Қазақстанда 1 951 қызылшамен ауырған жағдай тіркелді. Эпидемиологиялық ахуал Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қызылшаға шалдығу көрсеткіші 2024 жылғы шарықтау кезеңімен салыстырғанда 85%-ға төмендеген.
Қай өңірлерде жиі тіркелуде
Аурушаңдықтың ең жоғары деңгейі Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ Жамбыл және Атырау облыстарында тіркеліп отыр.
Аталған жағдайлардың басым бөлігі 5 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген. Ауруға шалдыққандардың көпшілігі – вакцина алмаған балалар.
Батыс өңірлердегі вакцинация мәселесі
Сондай-ақ профилактикалық екпемен қамту мәселесі жеке қаралды. Премьер-министр орынбасары жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізе алмаған өңірлерді қатаң сынға алды.
«Әсіресе, Маңғыстау облысында негізгі вакциналардың барлық түрі бойынша қамту деңгейі төмен күйінде қалып отыр. Мұндай алшақтықтар инфекциялық аурулардың таралу қаупін күшейтетіндіктен, бастапқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде нысаналы және жүйелі жұмысты күшейту қажет» – деп атап өтті Үкіметте.
Аида Балаева әкімдіктер жанындағы өңірлік штабтарға эпидемиологиялық ахуалды ерекше бақылауға алуды, сондай-ақ халық арасында иммундаудың маңыздылығы жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Бұл бағыттағы жұмысты, ең алдымен, Маңғыстау облысында күшейту қажет екені айтылды.
Еске салсақ, осыған дейін Денсаулық сақтау министрлігі қызылшаның өршуіне байланысты ата-аналарға үндеу жасаған болатын.