Павлодарлық тұрғын сапасыз қытай кроссовері үшін 20 млн теңгесін қайтарып алды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архиві

Павлодар облысы тұрғыны кепілдік мерзімі бітпей тұрып істен шыққан көлігі үшін сот арқылы 20 млн теңге өндіріп алды. Қозғалтқышы бұзылып, ұзақ уақыт жөндеуде тұрған Chery Tiggo 8 Pro Max автокөлігі сапасыз тауар деп танылып, сатып алу-сату шарты бұзылды. Сот шешімімен автосалон көлік құнын толық қайтаруға міндеттелді.

Оқиғаның мән жайы

Ер адам Chery Tiggo 8 Pro Max автокөлігін 2023 жылы сатып алған. Оны 84 ай немесе 200 мың шақырымға берілген ұзақ мерзімді кепілдікпен алған. 2025 жылдың наурыз айында, кепілдік мерзімі кезінде, автокөліктің қозғалтқышы істен шыққан. Көлік ЖШС-нің қызмет көрсету орталығына тапсырылып, ұзақ уақыт бойы жарамсыз күйде тұрған.

Автокөлік иесі ЖШС-ні сотқа берген. Талабында сатып алу-сату шартын бұзуды, автокөліктің құнын, өсімпұлды, келтірілген залалды және моральдық зиянды өндіруді сұраған.

Сот шешімі

Компания өкілдері ақаудың кепілдік жағдайына жататынын және жөндеу жұмыстары жүргізілгенін, тіпті клиентке уақытша көлік берілгенін алға тартты.

Алайда сот ақау кепілдік мерзімі ішінде орын алғанын анықтады. Сонымен қатар сатушы көлікті дұрыс пайдаланбау фактілерін дәлелдейтін айғақ ұсынбаған. Бұдан бөлек, автокөліктің ұзақ уақыт бойы жарамсыз күйде болуы тауардың елеулі кемшілігі болып танылған.

Нәтижесінде сот:

  • сатып алу-сату шартын бұзды;
  • компанияны 19,6 млн теңгені қайтаруға міндеттеді;
  • 150 мың теңге көлемінде моральдық зиян өндіріп берді.

Кейін сатушы мен банк тарапынан берілген апелляциялық шағымдар кері қайтарылып, шешім заңды күшіне енді.

Жүргізушілер нені ескеруі керек

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңға сәйкес, сатып алушы кепілдік бойынша жөндеу жүргізуді талап етуге, автокөлікті ауыстыруға, елеулі кемшілік анықталған жағдайда шартты бұзып, ақшасын қайтаруға құқылы.

Сондай-ақ оқыңыз