Алдағы үш жылда мұнай барлау ісіне 900 млн доллар инвестиция құйылады

2025 жылы 8 іздеу ұңғымасы бұрғыланып, 2029 жылға дейін тағы 24 ұңғыма қазылады. Бұл жобаларға жалпы көлемі 900 млн доллардан астам инвестиция бағытталмақ. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасенов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында айтты.
Кездесу барысында ұлттық компанияның 2025 жылы атқарған жұмыстары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары баяндалды. Асхат Хасеновтің айтуынша, өткен жылы 8 іздеу ұңғымасын бұрғылау жұмыстары аяқталған. Ал 2029 жылға дейін тағы 24 іздеу ұңғымасын бұрғылау жоспарланып отыр. Жобаларға тартылатын инвестиция көлемі 900 млн доллардан асады.
Сондай-ақ былтыр Қытайдың CNOOC және Sinopec компанияларымен Атырау облысындағы Жылыой және Батыс Қазақстан облысындағы Березовский жобалары бойынша жер қойнауын пайдалану келісімшарттары жасалғаны айтылды.
Бұдан бөлек, Turkish Petroleum Corporation, BP және Хорват көмірсутегі агенттігі еліміздегі перспективті учаскелерді зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша мұнай мен конденсат өндіру көлемі 26,2 млн тоннаға жеткен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 10%-ға жоғары. Сонымен қатар Батыс Прорва, Орталық Өріктау және Рожков кен орындарында көгілдір отын өндіру көлемін жылына қосымша 2,3 млрд текше метрге арттыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Былтыр «ҚазМұнайГаздың» үш мұнай өңдеу зауытында 17,5 млн тонна шикізат өңделген. Жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 13,6 млн тоннаны құрап, 2024 жылғы көрсеткіштен 1,2 млн тоннаға артқан.
Мемлекет басшысы геологиялық барлау жұмыстарын жандандыруды және ірі инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыруды тапсырды.
Бұған дейін Қазақстан мен Қытай Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндіріс қуатын 12 млн тоннаға дейін кеңейту жобасын әзірлеуге кіріскені хабарланған.