
Алматыда ит пен мысыққа арналған қонақүй, такси қызметі де бар. Тіпті, үй жануарларына арнайы зоокүтушілер жұмыс істейді.
Әрине, шетелге демалысқа шықсаңыз немесе іс-сапармен басқа қалаға бару керек болса, сүйікті жануарыңызды осы қонақүйге апарып, сенімді қолға тапсырып кетуге болады. Немесе арнайы такси келіп, әкетіп, әкеп тастайды. Күтушілердің бәрі де – кәсіби ветеринар дәрігерлер.

Үй жануарларына арналған қонақүйдің негізгі клиенттері – сылқым сұлулар. Қымбат көліктерімен келіп, сүйікті жануарларын жайғастырып, өздері ел аралап, қыдыруға кетеді.
Олар сапарға шыққан кезінде мысығы, не иті үшін алаңдамайды. Өйткені, WhatsApp арқылы күн сайын фото-есеп жіберіп отырады. Мамандар груминг және басқа да күтім процедураларын жасайды.

Bookingcat желісінің Алматыдағы бөлімшесі Көктөбенің баурайында орналасқан. Жасыл әрі көрікті жер. Серуендеуді жақсы көретін итіңіз үшін таптырмас орын. Мамандар бас көз болып, ұдайы қыдыртып отырады.
Қонақүй нөмірлері шыныдан жасалған. Әр бөлмеде түнде көретін камералармен жабдықталған. Сүйікті жануарыңыздың қауіпсіздігі басты назарда.
Нөмірлері үлкен. Кең. Үш сөре қойылған. Нөмірлер күн сайын екі мәрте тазаланады. Сақтық шарасы үшін жануарларды бір-бірімен араластырмайды.

Бағалары да әртүрлі. Қарапайым нөмірлерден бастап, люкс нөмірлерге дейін бар. Сондықтан бағасы жайлылығына қарай 2990 теңгеден бастап, 6990 теңгеге дейінгі аралықта. Бірақ бұған үй жануарларының ас-суының бағасы кірмейді.
Бұл қонақүйде тек қана ит-мысықты емес, шағын кеміргіштерді, құстарды және басқа да жануарларды қалдыруға болады. Оларды тек қана табиғи өнімдермен қоректендіреді.
Клиенттер дән риза. Бір айға ит-мысығын алаңсыз қалдыратын орында жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің қамқорлығына рахметін айтып жатыр.
«Мысығым тек үйде болып, басқа жануарлармен араласпағандықтан, қорқып немесе төбелесіп кетеді ме деп уайымдаған едім. Бірақ бәрі жақсы өтті», – деп пікір білдірді Маргарита Ророкина атты клиенттің бірі.
Айта кететін жайт, Астанада үй жануарларын ұстау мен серуендетудің қағидасы бекітіледі.