
Астанада тұрғын үй құрылысына бөлінген 2,1 млрд теңге бюджет қаржысын жымқырған компания басшысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура мәліметінше, тергеу барысында мемлекет қаражаты есебінен салынып жатқан проблемалық тұрғын үй кешенін аяқтауға бөлінген қаржының бір бөлігі заңсыз иемденілгені анықталған.
«Елордалық проблемалық тұрғын үй кешенін аяқтауға бөлінген бюджет қаражатынан құрылыс компаниясы 2,1 млрд теңге жымқырғаны анықталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында мемлекетке 412 млн теңге қайтарылды», – делінген хабарламада.
Сот үкімімен компания басшысы аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар 10 жыл мерзімге көппәтерлі тұрғын үйлер құрылысына қатысты коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды.