Жаңалықтар

«Ел мүддесі достықтан да жоғары»: Жапаров Тәшиев жайлы сұраққа жауап берді

Фото: economist.kg

Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров «Кабар» арнасына сұхбат беріп, Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысы қызметінен Қамшыбек Тәшиевті неге босатқанын айтып берді.

Садыр Жапаров 2021 жылы халықтың басым бөлігі өзін президент етіп сайлап, мемлекеттің тағдырын сеніп тапсырғанын есіне алды. Конституция президентке мемлекеттің тұтастығын, халық пен мемлекеттік қызметшілердің бірлігін сақтауды міндеттейтінін жеткізді.

«Мен бұл борышымды мүлтіксіз орындадым. Өйткені мемлекет пен бүкіл халықтың мүддесі қызметтен де, достықтан да жоғары тұрады. Барлығы Жогорку кенештен басталды. Жекелеген депутаттық топтар депутаттарды жинап, бөліп, «сен біздің жақтасың ба, әлде ана жақтың жақтасысың ба?» деп сұрай бастаған. Қай тараптың артында кім тұрғанын сұраған депутаттарға иықтағы погондарды көрсетіп, «Бұл жақ – генералдың жағы», ал «ана жақ – президенттің жағы» деп түсіндіре бастаған», – дейді Қырғызстан президенті.

Оның айтуынша, кейін бұл бөліну көшедегі ақсақалдарға да жеткен. Олар мерзімінен бұрын сайлау өткізу үшін қол жинай бастаған, бұл мәселе «жоғарыда келісілген» және Жогорку Кенеш жақын арада мерзімінен бұрын сайлау жариялайды деп халықты шатастырған.

«Егер мен қысқа мерзімде батыл шешім қабылдамағанымда, бұл жағдай халық арасына тарап, адамдар екіге бөлінер еді. Менде депутаттар мен кейбір мемлекеттік қызметшілерді генералдың атымен қорқытқанын растайтын деректер болды. «Біздің жаққа өтпесең, генералмен ісің болады» деп айтқан. Сондықтан осындай шешім қабылдауға тура келді. Шешім қабылдамас бұрын досыма қоңырау шалып, жағдайды түсіндірдім. Оны қызметтен босататынымды айтып, содан кейін ғана жарлыққа қол қойдым. Осындай жедел шешім арқылы досымды да сақтап қалдым деп есептеймін. Өйткені оны қоршаған адамдар оны тура жолдан тайдырып жатты», – дейді Садыр Жапаров.

Сапаровтың айтуынша, Тәшиевтің атын жамылып, «генерал жағына өтіңдер» деп үндеу тастағандар парламент депутаттарынан бастап жоғары лауазымды шенеуніктерге дейін, белгілі қоғам қайраткерлеріне дейін шыққан. Егер «Қамшыбек Тәшиевті қызметінен босатпағанымда, осы бағытта жұмыс істегендердің әрекеті салдарынан әңгіме күшейіп, мемлекеттік қызметшілер мен қоғам арасында жік туындап, тіпті қақтығысқа дейін жетуі мүмкін еді» дейді ол.

«Сондықтан досымды қызметтен босатуға тура келді. Мемлекеттегі тұрақтылық мен үшін бәрінен жоғары», – деген Жапаров.

Бұған дейін бес жыл бойы Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Қамшыбек Тәшиев қызметінен босатылғаны хабарланды.