Миллионер Сергей Канның ферросилиций шығаратын зауыты биыл салынады

Forbes тізіміндегі миллионер Сергей Кан мен оңтүстік кореялық компанияға тиесілі зауыт ақыры биыл салынуы мүмкін. Өйткені ол үкіметтің 2026 жылы жүзеге асуға тиіс 200 жобасының қатарына енген. Павлодар облысында салынып жатқан Mineral Product International кәсіпорны ферросилиций мен болат өндіреді.
Ферросилиций металлургияда болаттың беріктігін, қаттылығын, серпімділігін және коррозияға төзімділігін арттыру үшін қолданылады.
Құрылысы кешіктірілген зауыт
Екібастұздағы бұл зауыттың іске қосылу мерзімі бірнеше рет шегеріліп, құрылыс жұмыстары жоспарланған уақыттан кешіктіріліп келеді.
Зауыт құрылысы туралы алғаш рет 2022 жылы белгілі болды. Жобаның негізгі инвесторы Оңтүстік Кореяның ферроқорытпа нарығындағы көшбасшысы SIMPAC Group холдингі екені хабарланған. Ынтымақтастық туралы келісімге 2021 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оңтүстік Кореяға сапары аясында қол қойылған еді.
Бастапқы жоспар бойынша құрылыс 2022 жылы басталып, 2024 жылы пайдалануға берілуге тиіс болатын. Алайда Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов былтыр жыл соңында жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) әлі мемлекеттік сараптамадан өтпегенін мәлімдеді.
Инвестиция көлемі қанша
Жобаның құны алғашқы кезеңде 400-500 млн долларға бағаланса, екінші кезеңді ескергенде, жалпы инвестиция көлемі 1 млрд долларға жетуі мүмкін.
Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) Mineral Product International компаниясына зауыт құрылысы үшін несие береді.
Кәсіпорын құрылтайшысы кім
Kompra дерегі бойынша, кәсіпорынның құрылтайшылары қатарында үш компания көрсетілген: H2Technologies ЖШС, Grit Human Capital Limited пен Chevron Direct Investment Fund.
H2Technologies «Қазақ мұнай және газ институтына» тиесілі мен Ким Маринаға тиесілі. Институттың түпкі иесі – Сергей Кан мен Марина Ким. Сергей Кан 292 млн доллар дәулетімен ең бай қазақстандықтар тізімінде 31-орында тұр.
Ал Grit Human Capital Limited жеке компаниясы Александр Нигай деген азаматқа тиесілі. Chevron Direct Investment Fund – «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген, Chevron корпорациясына тиесілі инвестициялық қор.
Болашақ зауыт жылына 160-200 мың тонна ферросилиций өндірмек. Қазір Павлодар облысында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды есепке алғанда, жаңа зауыт іске қосылғаннан кейін Қазақстан жылына 1,8 млн тонна өнім шығарып, бұл көрсеткіш бойынша әлемде екінші орынға шығуға тиіс.