
Солтүстік Кореяның көшбасшысы Ким Чен Ын өзінің қызы Ким Чжу Э-ні мұрагер ретінде дайындап жатыр. Бұл туралы Оңтүстік Кореяның Ұлттық барлау қызметіне сілтеме жасаған Reuters жазады.
Барлау қызметінің мәліметінше, жақын күндері басқарушы Жұмыс партиясының отырысы болып, оған Ким Чжу Э келіп қатыспақшы.
«Бұрын Ким Чжу Э «мұрагерлікке үміткерлердің бірі ретінде» қарастырылатын. Бірақ қазір ол «мұрагерлікке бекіту» деңгейінде тұр», – деді Барлау қызметінің брифингіне қатысқан оңтүстік кореялық депутат Ли Сон Кын.
Солтүстік Кореяның болашақ президенті ретінде Ким Чжу Э-нің аты бірінші рет аталып тұрған жоқ. 2024 жылы 29 шілдеде болашақ үміткердің бірі ретінде қарастырған, бірақ жағдай өзгерсе басқа мұрагер болуы да мүмкін деген нұсқа қоса айтылған.
Ким Чен Ынның қызы жайлы мәліметтер аз. Ол әкесімен бірге парад пен әскери шараларға жиі қатысады. Туған күні белгісіз, бірақ шетелдік БАҚ жазуынша, қазір қыздың жасы он үште.
Солтүстік Корея – әлемдегі ең жабық елдердің бірі. Мемлекет көшбасшыларының өмірі туралы мәлімет өте аз. Халықаралық мәдени, сауда байланысы мүлде дерлік жоқ. Шетелдік БАҚ жазуынша, елде шетелдік фильм көргені үшін де өлім жазасына кесіледі екен.