«Лукойлдың» шетелдік активтерін Сауд Арабиясы сатып алуы мүмкін

Сауд Арабияның Midad Energy компаниясы «Лукойлдың» санкциялық активтерін сатып алуы мүмкін. Екі тарап алдын ала келісімге қол қойды. Енді барлығы АҚШ-тағы реттеушінің рұқсат беруіне байланысты болады. Reuters осылай деп жазады.
Басылымның дерегінше, келісімге қаңтардың соңында қол қойылған және «Лукойлдың» барлық активін түгел қамтиды.
Midad ресурстарды қолма-қол қаражатқа сатып алуға және АҚШ-тың Қаржы министрлігінен рұқсат келгенше арнайы шотқа сақтай тұруға келіскен.
«Midad қазір реттеушінің талаптарына сай болу үшін жұмыс істеп жатыр. Бұл тәуекелі өте жоғары қадам әрі Сауд Арабиясындағы саяси серіктестері қолдау білдіріп отыр» – дейді Reuters-ке келісімнің мән-жайынан хабары бар құпия дереккөз.
Америкалықтар не істейді?
Лукойл (Lukoil) – Ресейдегі ең ірі жекеменшік энергетикалық компанияның бірі. Былтыр Ұлыбритания мен АҚШ санкция салғаннан кейін шетелдегі активтерін сату бойынша келіссөздер жүргізе бастады.
Қаңтардың соңында компания ресурстарын америкалық Carlyle компаниясы сатып алды деген хабар тараған. Бірақ олар толыққанды мәмілеге отырған жоқ, АҚШ-тағы реттеушіден рұқсат алуы керек еді. Осы орайда Лукойл басқа да сатып алушылармен келіссөз жүргізіп жатқанын ескерте кетті.
«Лукойлдың» Қазақстанда да активтері, Қарашығанақ пен Теңіздегі мұнай жобаларында үлесі бар. Бірақ компания шетелдік ресурстарын сатса да, Қазақстандағы иеліктерін өз меншігіне қалдыратынын мәлімдеген еді.