
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасында мемлекеттен бөлінген қаражат есебінен жұмыс істейтін үйірмелердің жұмысы қатаң бақылауға алынатынын мәлімдеді.
«Біздің мемлекет орта білімді тегін береді, сәйкесінше мектептегі үйірмелерге арнайы мемлекеттік тапсырыс орналастырылады. Яғни, мемлекет қаржы бөледі. Енді Оқу-ағарту министрлігі осы қаражаттың тиімді пайдаланылуын, оқушыға жетуіне байланысты ақпаратты ашық жариялайды», – дейді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің сөзінше, ақпараттың шын болуына мектептер жауапты. Қаражатты әкімдіктер бөледі. Сондықтан, ақпараттың уақтылы әрі сапалы енгізілуіне жергілікті атқарушы органдар, оның ішінде мектептер, білім беру ұйымдары жауапты.
«Ең негізгі мәселе – бүгінгі таңда «Әлеуметтік әмиян» жобасы іске асырылып жатыр. Ол жобаны біз кеңейте береміз. Бүгінгі таңда балалардың тегін тамақтануын ата-аналарымыз көре алады. Осы жоба арқылы ата-аналар еговтың білім бөлімі арқылы балаларының тегін немесе ақылы үйірмеге баруын, спорт секцияларына баруы сияқты ақпараттарды көре алады. Біз жалған есептіліктің алдын алғымыз келеді, екіншіден мемлекеттің бөлген қаражаты оқушыларға жетіп жатқанына көз жеткізгіміз келеді. Үшіншіден, балалар үйірмеге бару арқылы әлеуметтенуіне жағдай жасап жатырмыз. Осы мақсатқа сапалы түрде қол жеткізіп жатқанымызды білгіміз келеді», – дейді ол.
Жұлдыз Сүлейменова қоғам тарапынан біршама ақпарат естігенін, қай өңірлерге екені талданып жатқанын айтты.
«Біз бұл мәліметтерді зерделейміз. Құқықтық қорғау органдарына жеткіземіз. Себебі министрлік жалпы қоғамға ашық ақпарат ұсынуды жүйелі түрде жалғастырады. Біздің басты мақсат – мемлекеттің әр теңгесі балалардың дамуына тиімді жұмсалуы керек», – дейді Сүлейменова.
Еске сала кетейік, үйірмелерге бөлінетін қаражаттың кейде талан-таражға түсіп жататыны бар. Былтыр Шымкентте «бір бала жеті үйірмеге қатысқан» жайттар кездесіп, осы мәселе бақылауға алынуы керектігі айтылған еді.