«Өмірді сақтандыру» жобасына сенген жүздеген адам 620 млн теңгеге алданды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: ҚМА суреті (скриншот)

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматыдағы департаменті заңсыз инвестициялық қызмет саласында ірі алаяқтық қылмыстың бетін ашты.

Агенттіктің мәліметінше, 2013-2021 жылдар аралығында күдікті «Partners & Consultants» – «Өмірді сақтандыру» жобасы арқылы инвестиция салуға шақырған. Осы сылтаумен азаматтардың ақшасын иемденген.

«Күдікті азаматтарды өздеріне қарайтын «Evroasia Global Investment» АҚ және «Evropa Investment» ЖШС есепшоттарына ақша аударуға үгіттеген. Жылына 12%-ға дейін тұрақты табысқа кепілдік берген. Жобаның сенімділігін дәлелдеу үшін шын мәнінде жоқ халықаралық сақтандыру бағдарламалары мен сертификаттарына сілтемелер қолданған», – делінген хабарламада.

Қаражаттар қолма-қолсыз аударымдар арқылы қабылданып, кейін салымшыларға ұзақ мерзімді депозиттер мен инвестициялық міндеттемелер бар деген жалған құжаттар берілген. Осылайша, 270 жәбірленушіге 620 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген.

Күдікті тергеу нұсқасы бойынша, осы қаражатты жылжымайтын және жылжымалы мүлік сатып алуға жұмсаған. Аталған мүліктер қазір бұғатталды. Күдікті қамауға алынды.

Сондай-ақ оқыңыз