Lifestyle

Ораза кезінде түкірік жұтуға бола ма: ҚМДБ түсіндірмесі

фото: shutterstock

Ораза уақытында көпшілік түкірік жұту, қақырық немесе басқа да тұрмыстық жағдайлар оразаны бұза ма деген сұрақ қояды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл мәселеге қатысты оразаны бұзбайтын бірқатар жағдайды түсіндірді.

ҚМДБ мәліметінше, ауызға келген қақырықты жұту, түкірік немесе мұрынды тарту кезінде бір нәрсенің еріксіз тамаққа кетуі, құлаққа су кіруі немесе ірің ағуы оразаны бұзбайды.

Оразаны бұзбайтын ұқсас жағдайлар

Сондай-ақ темекі түтіні, шаң-тозаң, ұнның тозаңы, қар ұшқыны немесе жауын тамшылары адамның еркінен тыс тамаққа кірсе де, ораза бұзылған болып есептелмейді.

Тістердің арасында қалған тамақ қалдығы ноқаттан кіші болса, оны жұту да оразаны бұзбайды.

Еріксіз құсу немесе құсықтың қайта ішке кетуі де оразаға зиян келтірмейді. Қан алдыру, сүлік салдыру, көзге дәрі тамызу да рұқсат етілген амалдарға жатады. Мисуак немесе тіс пастасын қолдануға болады, алайда паста ішке кетіп қалса, ораза бұзылады, сондықтан тісті таң намазы кірмей тұрып тазалау абзал. Сондай-ақ ауыз бен мұрынды сумен шайқау рұқсат, тек судың тамаққа кетпеуін қадағалау керек.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы Рамазан айы 19 ақпанда басталады. Қазақстанның барлық қалаларына арналған Ораза кестесін cілтеме арқылы көре аласыз.

Сондай-ақ Kursiv Media ораза кезінде ауызашарға құрманы қалай дұрыс таңдау керектігін жазды.

Бұған дейін, арақ ішкен адамның кейін ораза ұстауына бола ма деген сұрақ төңірегінде де түсіндірмені жазған едік.