Жаңалықтар

Португалияда балалардың әлеуметтік желілерді қарауына шектеу қойылады

16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерге еркін қолжетімділігіне шектеу салынбақ / фото: KursivMedia мұрағаты

Португалияда балалардың әлеуметтік желілерді қарауына шектеу қойылады. Ел парламенті осындай заң жобасын жалпы отырыста мақұлдады.

Әңгіме 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерге еркін қолжетімділігін шектеу туралы болып отыр. Жасөспірімдер тек ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен пайдалана алады.

Негізгі өзгерістер

Euronews ақпаратына қарағанда, қазіргі заңнама бойынша кәмелетке толмағандардың цифрлық келісім жасы 13 жас болып белгіленген. Жаңа жоба бұл талапты қатаңдатып отыр:

  • 16 жас – әлеуметтік желілерге, видеохостингтерге және ашық коммуникациялық сервистерге өз бетінше тіркелуге арналған ең төменгі жас.
  • 13–16 жас – тек ата-анасының нақты әрі расталған келісімімен қол жеткізе алады.
  • 13 жасқа дейін – -аталған платформаларға тіркелуге және пайдалануға толық тыйым салынады.

Шектеулер Instagram, Facebook және TikTok сияқты әлеуметтік желілерге қатысты болады. Алайда WhatsApp мессенджеріне бұл талап қолданылмайды, себебі оны көптеген ата-ана балаларымен байланыс үшін пайдаланады.

Платформаларға қойылатын талаптар

Заң жобасына сәйкес, 13–16 жас аралығындағы кәмелетке толмағандарға арналған платформалар:

  • зорлық-зомбылық контентінен,
  • ерте жастағы сексуалдық мазмұннан,
  • тәуелділік тудыратын ойындардан,
  • манипуляцияланған бейне мен суреттерден қорғау функцияларына ие болуға тиіс.

13 жасқа дейінгі балалар үшін жаңа аккаунт ашу мүмкін болмайды. Ал 13–16 жас аралығында тіркелу үшін цифрлық мобильді кілтпен немесе баланың жеке деректерін ашпай, тек жасын растауға мүмкіндік беретін басқа да сәйкестендіру тетігі талап етіледі.

Бақылау қалай жүзеге асады

Заң талаптарының орындалуын Португалияның Ұлттық байланыс басқармасы (Anacom) және Ұлттық деректерді қорғау комиссиясы (CNPD) қадағалауы мүмкін деп ұсынылды.

Бұл бастама балалардың интернеттегі қауіпсіздігін күшейтуге және оларды зиянды контенттен қорғауға бағытталған.

Ал елімізде соңғы кездері мұғалімдер әлеуметтік желілер мен түрлі трендтерге тым әуестеніп кетті.