Lifestyle

Қайрат Әділгерей Құрманғазының басына барып кешірім сұрамақ

коллаж: kursiv.media

Әлеуметтік желіде актер әрі әзілкеш Қайрат Әділгерейдің қазақтың ұлы күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлы туралы айтқан пікірі қоғамда қызу талқыға түсіп, көпшіліктің наразылығын тудырды.

Даулы пікірден кейін актер халыққа үндеу жасап, сөздеріне түсініктеме берді. Құрманғазы бабаның рухын қорлау ниеті болмағанын айтып, жуық арада күйші жерленген Астрахань қаласына барып, құран бағыштап, ұрпақтарынан кешірім сұрауға ниетті екенін жеткізді.

«Қазақ тарихының тұлғасы, күй атасы Құрманғазы бабамыз туралы айтқан сөздеріме түсініктеме беруді жөн көрдім. Бұйырса, жақын арада бабамыздың жатқан жеріне барып, құран бағыштап, ұрпақтарынан кешірім сұраймын. Аруақты қорлау ойымда болған жоқ», – деді ол.

Ал бұған дейін Құрманғазы Сағырбайұлының ұрпақтары актерді сотқа беріп, оның халық алдында күйшіні орынсыз сипаттап, өнерін келемеждеді деп реніш білдірген. Сонымен қатар, бір топ ақсақал әзілкеш заң аясында жауапқа тартылып, ел алдында кешірім сұрауын және ұлы күйшінің басына барып, қателігін мойындауын талап еткен.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қайрат Әділгерей желіде айтыскерлер арасына от салған еді.